Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Жерді сақтайық» атты республикалық шешендік өнер сайысында жеңімпаздар қатарынан көрінді. Алматы қаласындағы халықаралық мектептің базасында өткізілген сайысқа Қазақстандағы ЮНЕСКО-ның ассосацияланған мектептердің оқушылары ғана қатыстырылды.
Оқушылар шығармашылығын насихаттау, әртараптандыру мен әр адамның әлемдік кеңістікте өз орны бар екенін түсіндіруге бағытталған сайыс өскелең ұрпақтың әлеуметтік-шығармашылық белсенділігін арттыру, қоғамдық өмірге белсене араласуға жол ашу, рухани дамуына қолдау білдіру сынды бірнеше міндеттерді басшылыққа алады.
Сайыс оқушылардың жасерекшеліктеріне байланысты бірнеше топқа бөлініп, өздерінің жобаларын қорғау арқылы бәсекеге түсті.
– Мен дәл осындай үлкен сайысқа алғаш рет қатысып отырмын. Сайыста бәсекелестік өте жоғары болды. Сондықтан мен үшін тәжірибе жинақтау маңызды еді. Бірақ «Ауылшаруашылығын инновациялау» тақырыбындағы жобам қазылар алқасының көңілінен шығып жүлделі 3-орынға ие болдым. Жеңіске жетуіме ғылыми жетекшім, ұстазым Анар Болатқызының берген ақыл-кеңестері көп көмектесті, -дейді 8 «А» сыныбының оқушысы Айбек Болатбеков.
Айбектен бөлек, мектебіміздің абыройын асырғандар қатарында 9 сынып оқушылары Адальят Миятова, Іңкәр Раханова, Айдана Шағманова, Малика Жантасова, Данара Нормухановалар жақсы нәтиже көрсетіп, 2-ші дәрежелі дипломдарға ие болды. «Жүректен жүрекке», «Лингватаун» көшбасшылық қабілетті, тілдік қорды дамыту, «Экология души» атты жобаларымен жеңіс тұғырына көтерілген шәкірттерімізге Нала Смағұлова, Құралай Омарбекова, Күләш Найманова, Нұргүл Сұлтаева, Назерке Орынбекова есімді ұстаздарымыз ғылыми жетекшілік жасаған. Ұстаз бен шәкірт бірлесе атқарған жұмыстың жемісін мектеп ұжымы үлкен қуанышпен қабылдады.
Дереккөз: Білімді ел