Баланың мектепке деген ынтасын жоғалтпай өткізетін каникул қандай?

Оқу жылы аяқталып, мамыражай жаз шығысымен баланың күн тәртібі бірден өзгереді. Кейінгі оқу жылына ынтасы болмай, оқу үлгерімі нашарлап кетпеуі үшін каникулдарда қалай демалуы керек екенін көпшілік ата-ана біле бермейді. Онсыз да тоғыз ай оқыды десіп, барынша еркіндік береміз. Алайда ұстаздар демалысты дұрыс өткізіп, баланың дамуын үзбеу керек дейді. Tengrinews.kz тілшісі педагогтардан бала каникулын дұрыс өткізу жөнінде ата-анаға берер кеңестері.

Балалар жазғы каникулдарда күн кестесінің жоқтығына бой үйретіп, түнде кеш жатып, түске жақын оянуды әдетке айналдырады. Ал жаңа оқу жылында осы күн кестесінің ауысуына байланысты мектепте өткізген әр 40 минутында стресске ұшырайды, ұйқысы қанбай, зеректігін жоғалтады. 

Сондықтан жазғы каникулдарда арнайы күн тәртібі болғаны дұрыс екен: 

Таңғы 7.00-8.00 аралығы – ояну, жаттығу жасау, таңғы ас ашу

11.00-13.00 аралығы – таза ауада ойындар ойнау, әсіресе мидың жаттығуына әсер ететін ойындар пайдалы

14.00-15.00 аралығы – түскі ас, ұйқы, кітап оқу

16.00 – бесіндік ішу уақыты. Бұл кезде де таза ауаға шығып, ойнауға болады

19.00 – кешкі ас, танымдық фильмдер көру

21.00 – ұйқыға дайындық.

№119 мектеп-лицейдің мұғалімі Айжан Амированың айтуынша, каникул кезінде де баланың дамуын, білімге деген құштарлығын тоқтатпау керек. Педагог ата-аналарға үш кеңесін берді. 

“Ең бірінші, ата-аналар күнделікті белгілі бір уақытты белгілеп балаларына көркем шығармаларды оқуды ұсыну қажет деп ойлаймын. Екінші, күніне бір мақал немесе мәтелден жаттаса, 90 күнде 90 мақал-мәтел жаттауға болады. Үшінші, бала өзі саяxаттаған, қыдырған жерлерін баяндап, жазып отыратын болса, шығармашылық қабілеті әрі ой өрісі дамиды”, – дейді мұғалім. 

Бастауыш мектеп мұғалімі Айкүміс Бесирова каникулда мүмкіндік болса ауылға ата-әжесіне барғаны дұрыс дейді.  

“Себебі бала қимыл-қозғалыста өседі. Сондықтан ата-әжесіне барып, ауылдың таза ауасын жұтып, шаң-тозаңды жалаңаяқ басып, сағым қуалап, демалып қайтуы керек. Өйткені қазіргі әлеуметтік желілерге байланған уақытта бала түгілі үлкеннің өзі жіпсіз байланып, әрең шығады. Қалада өскен бала табиғи таза тамақ ішіп, таза ауа жұтып жүрген жоқ. Ауылда өскен баланың, байқасаңыз, көру қабілеті жақсы. Неге десеңіз, қала баласы аулаға шыққанда зәулім ғимаратты көреді, сонымен шектеліп қалады, содан қырағылығы төмендейді. Ал ауыл баласы менмұндалаған биік шыңды көреді, мұнар басқан тауды көреді, сағым көреді, сондықтан олардың көру қабілеті жақсы болады”, – дейді ол.

Осылайша ұстаз ата-аналарға баласын ауылға жіберіп, гипербелсенді баланың энергиясын әбден шығару керек деген кеңес айтады. 

“Ал ауылда ата-әжесі жоқ қалалық отбасы баласын лагерьге жібереді. Ол 10 күнге немесе бір айға барып келеді. Онда да ата-анаға лагерь таңдауда қателеспеу керек деп кеңес беремін. Тек қана ойыннан тұратынын емес, міндетті түрде рухани тәрбие беретін лагерьді таңдау керек. Сондықтан, ата-ана жаз уақытын дұрыс өткізетін орынды таңдауы керек”, – дейді Айкүміс Сайлауханқызы. 

Содан кейін ғана, шілде-тамыз айларында көркем әдебиет оқыту керек екен. 

Сонымен, педагог арнайы бекітілген бұйрық бойынша оқушыларға жаз айында оқуға ұсынылатын кітаптар тізімін ұсынады:  

2-сынып оқушыларына

1. Бердібек Соқпақбаев – “Ағаштар неге ашуланады”

2. Ыбырай Алтынсарин – “Таза бұлақ”

3. Бауыржан Момышұлы – “Ұшқан ұя” Бұл туындылармен ата-анасы баласымен бірге оқуы керек. Бала шығарма мазмұнын түсініп, түсінік айта алуы маңызды.

3-сынып оқушыларына

1. Бердібек Соқпақбаев – “Менің атым Қожа”, “Аяжан”

2. Сайын Мұратбеков – “Жусан иісі”

4-сынып оқушыларына

1. Жүсіпбек Аймауытұлы – “Қартқожа”

2. Бердібек Соқпақбаев – “Шал мен бала”

3. Қабдеш Жұмаділов – “Дарабоз”

Бұл шығармаларды, педагогтың айтуынша, ата-ана баламен бірге оқуы тиіс. Әке-шешесімен бірге оқығанда ғана бала жауапкершілікті сезінеді.  

“Көпшілік ата-ана жұмысын сылтауратып, уақыт таба алмай жатады. Бірақ баланың өсіп-дамуы, өмірі өтіп жатқанын білу керек. Ал осы кітаптарды бірге оқыса, баланың мотивациясы оянып, ерекше қуанады. Сондықтан ата-аналар жиналысында баланың айна екенін айтып түсіндіремін. Әрдайым жұмыс табылады, сондықтан балаға уақыт бөлу керек деп кеңес беремін. Баламен бірге белгілі бір шығарманы талдап, түсінік айтып, түсінбейтін сөздің мағынасын ұқтырады, синоним анықтамаларын түсіндіреді. Осылай қызығушылығын ашып бергеннен кейін бала әрі қарай өзі оқи бастайды”, – дейді Айкүміс Бесирова. 

Дереккөз: Білімді ел