12 маусым – Дүниежүзілік балалар еңбегін пайдалануға қарсы күрес күні. Осыған орай аймақта 1-12 маусым аралығында “Балалар еңбегін қанауға қарсы 12 күн” ұлттық ақпараттық науқаны өтеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасының басшысы М.Мелдебекова мәлімдеді.
Науқанның басты мақсаты – бала еңбегін қанаудың алдын алу үшін ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Осыған орай, барлық білім беру ұйымдарында құқықтық сағаттар, дәрістер, тренингтер мен әртүрлі сайыстар өткізіледі. Науқан аясында кәмелетке толмағандарды мезгілдік уақытша жұмысқа орналастыру бойынша жәрмеңке өткізуді ұйымдастыру, оларға арналған жұмыс орындарын анықтау және жазғы маусымда уақытша жұмыспен қамту бойынша жұмыстарды үйлестіру мен ата-аналарға, балаларға түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін облыстық полиция департаменті, еңбек саласындағы бақылау басқармасы және жастар саясаты мәселелер басқармасы мен ҮЕҰ бірлесе отырып кең ауқымды рейдтік жұмыстар жүргізбек.
– Бұл науқанды маусым айында жүргізудің бірден-бір себебі – жазғы демалыста балалардың еңбек құқықтарының бұзылуына жол бермеу. Осыған сәйкес, арнайы жоспар қабылданды, 12 күн бойына бірнеше әлеуметтік жобалар жүзеге асатын болады, – деді басқарма басшысы.
Ал, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 25 мамыр-15 маусым аралығында “Нұрлы болашақ” республикалық акциясы шеңберінде балалар мен жастардың музыкалық оркестрлері мен ансамбльдерінің шеруі өтеді. Барлық облыста бір уақытта өтетін шеруге 8760 оқушы мен студент қатыспақ. Сонымен қатар, осы күннен бастап жазғы демалыста балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында сауықтыру, тынығу лагерьлері өз жұмыстарын бастайды. Биыл облыс бойынша 1-10 сынып аралығында 147750 бала болса, оның 98 проценті жазғы тынығудың түрлерімен қамтылатын болады. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында мектеп туризмін жандандыру бойынша 20000 бала аймақтағы киелі тарихи, мәдени орындарға саяхаттамақ.
Санаулы күндерден соң ҰБТ басталады. Оған қатысуға 4143 түлек өтініш берген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 процентке артық.
– ҰБТ-ға дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүруде. Бітірушілер жыл бойы “Талдысу”, “Қамбаш” лагерьлерінде қосымша дайындық курстарынан өтті. Сынама тестілеу қорытындысы негізінде мамыр айында орташа балл 95,9 балды құрап отыр. Жоспар бойынша мектеп бітірушілердің 4662-сі – ЖОО, 1000-ы колледждерге түседі деп күтілуде. ҰБТ өткізудің форматы еш өзгеріссіз. Айта кету керек, Ресейдің 4 жоғары оқу орнына түсуге 628 бітіруші емтихан тапсырды. Нәтижесі шілде айында белгілі болады, – деді басқарма басшысы М.Мелдебекова.
Жалпы ҚР Білім және ғылым министрлігі биыл жоғары оқу орындарына 50985 мемлекеттік грант бөліп отыр.
Бұдан бөлек, брифингте облыстық полиция департаментінің бөлімше басшысы Манарбек Есжанов пен облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының өкілі Нұрбек Жапақов сөз алып, балалар құқығын қорғау мәселесіне байланысты бірқатар ақпараттармен бөлісті.
Облыстық полиция департаментінің бөлімше басшысы Манарбек Есжанов облыс көлемінде кәмелетке толмағандар арасында орын алған қылмыс көрсеткіші 7 процентке төмендегенін айтып өтті. Соған сәйкес жасөспірімдер арасында келеңсіз жағдайларды болдырмау мақсатында түрлі профилактикалық шаралар мен локальдық рейдтік жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде 2000-ға жуық құқық бұзушылық анықталып отыр. Оның ішінде қаңғыбастыққа салынған 138 жас бейімдеу орталығына жіберілсе, түнгі уақытта өз бетінше жүрген 1500 жасөспірім анықталып, олардың ата-аналары мен заңды өкілдері, оған қоса бала тәрбиесімен айналыспағандары үшін 16 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Жиын соңында баяндамашылар ата-аналарды жазғы демалыста балаларын қараусыз қалдырмауға шақырып, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Дереккөз: Сыр бойы