Қазақстандық колледж түлектерінің жұмыспен қамтылуына тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Бұл туралы ҚР БҒМ Техникалық және кәсіптік білім департаментінің Мазмұн және әдістемесі басқармасының басшысы Қаламқас Алғазина айтып берді. «Соңғы оқу жылында колледж түлектерінің 72% жұмысқа орналасқан. Студенттердің жұмыспен қамтылуы шілде айынан бастап бақылауға алынады. Жұмысқа орналасқан студенттердің зейнетақы аударымдары бар. Яғни, колледж түлектерінің 72 пайызы БЖЗҚ арқылы жұмысқа орналасқандарын растады», – деді Қаламқас Алғазина ҚР БҒМ ұйымдастырған баспасөз турында.
Сонымен бірге, басқарма басшысы «Жас Маман» жобасы аясындағы 100 жаңа мамандық туралы айтып берді. «Мұнда робототехника, IT-технологиялар сынды техникалық мамандықтарға басымдық беріледі. Сонымен бірге, «тігінші» мамандықтары да назардан тыс қалмайды. Бұл мамандықтар бойынша «Жас маман» жобасына қатысатын колледждер оқытады. Жаңа оқу жылынан бастап, әр облыста онға жуық колледж жаңа мамандықтарды оқытады. Бұл жаңа мамандықтарды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекітеді», – деп атап өтті спикер. Қазіргі уақытта Қазақстанда 821 колледж жұмыс істейді. Оның 479-ы мемлекетке қарасты. Жыл сайын елімізде 144 мың түлек колледждерді бітіріп шығады.
Дереккөз: КазИнформ