Қаладағы жас кәсіпкерлер студент жастармен кездесіп, өздерінің бизнес бастаудағы тәжірибелерімен бөлісті, деп хабарлайды Елорда Инфо.
«Астана жастары» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өткен жиынға Қоғамдық даму істері басқармасының басшысы Данияр Есин мен сала мамандары қатысты.
Бұл – «Астана жастары» мемлекеттік мекемесінің жыл басынан бері ұйымдастырған 82-шарасы. Мекеме басшысының орынбасары Ақерке Ақтайдың айтуынша, жыл басынан бері әртүрлі тақырыпта өткізілген 81 шара 4757 адамды қамтыған. Мұндай шаралардың есеп беру үшін емес, жастарға шынайы пайдасы тиюі үшін өтіп жатқанын айтқан Ақерке Ақтай бұл жолғы шараның жастар кәсіпкерлігін дамытуға бағытталғанын атап өтті.
«Alay food» компаниясының негізін қалаушы Айнұр Әмірхан мен әлеуметтік кәсіпкер, «Green tal» әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің негізін қалаушы Эмин Әскеров және «Rocket study» білім беру акселераторының жоба менеджері Дәмір Төленов өздерінің бизнесті қалай бастағандарын, оның жолында қандай сәтсіздіктер мен қандай қиындықтардың болғанын, қазіргі уақыттағы жұмыстары жөнінде кеңінен әңгімеледі.
Алғашқы болып сөз алған Айнұр Әмірхан оқушы кезінен бастап ауладағы ойындарды ұйымдастырып, ақша табудың амалын ерте жастан ойлағанын атап өтті. Ал қазіргі дөңгелетіп отырған кәсібі – тағам өндірісі. Зиянды қоспаларсыз жасалатын манты, тұшпара сияқты түрлі дәмді тағамды елорда бойынша тапсырыспен үйге дейін жеткізіп беру қызметімен айналысады. Бұл кәсіпті Айнұр тұрмыс құрған соң бастаған екен.
Ал әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеров жалпы бизнестегі сәтсіздіктер туралы, соған қалай төтеп беру керектігі жайлы сөз етті.
«Көбіне кәсіпкерлердің жетістіктері ғана айтылады да, олардың оған дейінгі сәтсіздіктері, бизнес бастауға қандай кедергілердің болғаны айтыла бермейді. негізінен түрлі сәтсіздіктерге ұшыраған стартаптардың 95 пайызы бастапқы ойынан бас тартып жатады. Қалған 5 пайызы ғана әрі қарай жылжиды. Кәсіппен айналысатын адам небір тәуекелге бел буып, қорқынышын жеңе білуі керек. Қай салада болмасын, мықты деген сарапшылар – өте көп қателік жібергендер. Яғни неғұрлым көп қате жіберсеңіздер, соғұрлым сол саланың сарапшысы болуға мүмкіндік арта түседі», – деді ол.
Өз кезегінде Дәмір Төленов елордаға алғаш келгендегі қиындықтарынан бастап «Rocket study» білім беру акселераторының қалай құрылып, жұмысының қалай жанданғанына дейін айтты.
«Мен Ақтөбеден осында 2014 жылы келдім. Екі ай пәтерақы төлейтін ақшам болды. Содан небір қиындықтар бастан өтті. Арслан есімді жерлесім екеуміз бір іспен айналысуға бекіндік. Ол кезде оның жасы небәрі 16-да еді. Содан білім беру орталығын аштық. Алғашында кеңсеміздің көлемі 40 шаршы метр ғана болды. Онда бар-жоғы екі парта мен үйдегі компьютер, принтер тұрды. Қазір еліміздің бірнеше өңірі мен Омбы қаласын қосқанда 15 мектебіміз жұмыс істеп тұр. Жоғары санатты білікті мамандар жұмыс істейді. Жылына 5 мыңға жуық оқушы білім алады. Брендке айналған кәсібіміздің әлі де франшизасын сатамыз», – деді ол.
Шара барысында жиынға қатысушы жастар спикерлерге өздерінің сұрақтарын қойды. Олардың сауалдарына жауап берген бизнесмендер түрлі кеңестерін де айтып, жастарды кәсіппен айналысуға шақырды.
Дереккөз: БІЛІМДІ ЕЛ