Бірінші сынып оқушылары кітаптарын үйге тасымайтын болды

Түркістан облысындағы Төлеби ауданының білім беру саласында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік кешендік бағдарламасы аясында жаңа жобалар қолға алыныпты, – деп хабарлайды “Оңтүстік Қазақстан” газетінің сайты.

Білім саласын цифрландыру бағытындағы жобалардың бірі – «Тolebi.bilim malimet». Жобаға сәйкес білім бөліміне қарасты аудандағы 67 мектептен есептер, сауалнамалар, мәліметтер интернет желісі арқылы өте жылдам жинақталады.

«Жалпы, шалғай ауылдардағы мектептерден мәліметтер алуға кемі 1 аптадай уақыт кететін. Ал, жаңа жобамыз бойынша дерекқорға жинақталған қажетті ақпараттарға бір-ақ күнде қол жеткіземіз. Уақытты тиімді пайдалануға қолайлы және қағазбастылықтан арылтатын бұл жобаның тағы бір артықшылығы – сыбайлас жемқорлықтың жолын кеседі. Яғни мұғалім аудан орталығына келіп әдіскерлерді іздеп әуре болмайды. Ақпаратты компьютер және смартфон арқылы кез келген жерден жіберуге мүмкіндік бар» – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Роза Аманова.

Сондай-ақ, аудандық білім бөлімі қолөнер бұйымдарының электронды каталогын әзірлеген. Мектеп оқушыларының қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын кәдесый ретінде сату үшін жергілікті кәсіпкерлермен келісімшарт жасалып «Тolebi ornekteri» электронды каталогы дайындалды. Р.Аманова аудан тұрғындарымен, ата-аналармен, мұғалімдермен тікелей байланыс орнату үшін Telegramm мессенжерінде арнайы «Төлеби аудандық білім бөлімі» байланыс чатын ашыпты. Демек, бұл чат арқылы ата-аналар білім бөлімінің басшысына тікелей өзінің хабарламасын жібере алады. «Шалғай ауылдардан келетін мұғалімдер, ата-аналар мені іздеп арнайы орталыққа сабылып жүрмейді. Аталған чат арқылы қойылған сұрақтарға дер кезінде жауап беріп отырамын» – дейді ол.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда барлық мектептер Bilimland.kz онлайн білім беру платформасының ресурстарын пайдалануда. Ал, педагог кадрлар түбегейлі жаңа жүйе бойынша жұмысқа қабылданады. Jumys.sitcen.kz автоматтандырылған электронды порталы арқылы 4 айда 80 бос жұмыс орны жарияланған. Нәтижесінде 25 мұғалім мен 24 кіші техникалық қызметкер жұмысқа алынды. Ал, balabaksha.sitcen.kz порталымен кезекке тұрған 1089 сәбидің 1047-сі балабақшаларға орналастырылған. Биыл 1-сыныпқа баратын балалар mektep.sitcen.kz порталы арқылы мектепке қабылданады.

Білім саласындағы тағы бір жағымды жаңалық 1-сынып оқушыларына қатысты болып отыр. Барлығымызға белгілі, соңғы жылдары бастауыш сынып бағдарламасы күрделіленіп кетті. Оқулықтар саны да көбейген. Қабырғасы қатаймаған баланың ауыр сөмке арқалайтыны көптеген ата-ананың наразылығын туғызып жүр. Осы ретте аудандық білім бөлімінің басшылығы пилоттық жобаны қолға алды. Оған аудан орталығындағы №4 және №7 жалпы орта мектептері таңдалып алыныпты. Әр мектепте 1-сынып бесеуден бар. Яғни екі мектептің 1-сынып оқушылары кітаптарын үйлеріне апармайды. Бала сабақтан шыққан соң түсте мектеп асханасынан жүрек жалғап алып, ертеңгі сабағына дайындалады. Балаларды өздерінің апайлары қадағалап, сабақтарына көмектеседі. Одан соң әр бала өзіне бекітілген сөреге кітаптарын, дене шынықтыру пәніне арналған киімдерін қалдырып, кілтті сынып жетекшісіне тапсырады. Мұның барлығы да ата-ананың келісімімен жүзеге асырылады. Ал, әр баланы сабаққа дайындағаны үшін аудандық білім бөлімі тарапынан ұстаздардың жалақысына 30 пайыз үстемеақы қосылады.

Бұл пилоттық жобаны 4-тоқсанда қолға алдық. Оқу жылының соңында балалардың үлгерім деңгейі бойынша қорытындысын шығарамыз. Егер нәтижесі жақсы болып жатса, бұл тәсілді аудандағы барлық мектепке енгізу жоспарда бар. Пилоттық жобаның балалар үшін де, ата-аналар үшін де тиімді тұстары көп. Себебі, қазір оқу бағдарламасының қиындығы және ата-аналардың баласына көңіл бөлуге мүмкіндіктерінің жоқтығынан бала үйінде сабаққа толық дайындала алмайды» – дейді Роза Сәрсенбекқызы.

Биыл аудандағы 6 білім беру мекемесінде құрылыс жұмыстары жүруде. Мәселен, Киелітас елді мекеніндегі М.Әуезов атындағы орта мектептің жанынан типтік үлгіде акт залы, спорт зал, асхана, шеберхана және кітапхана салынуда. Құны 325 млн. теңгені құрайтын осы нысанның құрылысын «Қаржан-Тау» ЖШС қолға алған. Бұйырса, нысан алдағы қыркүйек айында пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, Ленгір қаласындағы №1 мектеп-гимназия жанынан салынып жатқан 300 орынды оқу блогы, асхана, шеберхана, спорт зал, акт залы және кітапхана құрылысы қарқынды жүруде. Сол секілді №5 мектеп гимназиясында да құрылыс жұмыстары қызып тұр. Ал, Ақбастауда 200 орынды жаңа мектеп бой көтеруде.

Дереккөз: Білімді ел