Қызылордада оқушыларға ауыл өмірі насихатталды

Қызылорда облысында «Өзекті ауыл өмірі, Қарбалас қала тірлігі» атауымен ауылдық жерлерге алты күндік саяхат өткізіледі. Ол Арал ауданы аумағында ұйымдастырылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл шара Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынып отыр. Мақсаты – қалада тұратын оқушылардың ауыл өмірімен етене танысуына, еңбекке араласуына ұйытқы болу, оқушы бойындағы қарым-қатынас мәдениетін дамыта отырып, олардың адамгершілік қасиеттерін дамыту және бос уақытын тиімді пайдалану, осындай ізгі істерге бастау арқылы еңбекке атсалысуына жол ашу болып табылады.
Жас ұрпақты ізгілікке бастайтын шара Арал ауданындағы «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында ашылды. Оны Қызылорда облыстық білім  басқармасы, «Дарын» облыстық білім беру орталығы ұйымдастырды.
«Алты күндік саяхат «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша жүзеге асады. Сол үш бағыттың бірі – «Саналы азамат» балалық жобасы даму перспективаларын, еңбек нарығы мүмкіндіктерін, қабілеті мен талаптарын ескере отырып, оқушылардың бейімділігін анықтап, оларға қолдау көрсетеді. Сондай-ақ, олардың  кәсіби мамандық иесі атануына бағыт-бағдар береді», – деді «Дарын» облыстық білім беру орталығы директорының орынбасары Гүлжаһан Ізбасарова.
Бұл шара 24-29 тамыз күндері өтеді. Оның барысында оқушылар ауыл өмірінің тыныс-тіршілігімен танысады. Қыз балалар нан жабу, бауырсақ пісіру секілді істермен айналысса, ер балалар бақша жұмыстарына араласу арқылы суару, арам шөптерден тазалау секілді жұмыстарға көңіл бөледі. Жас өрендер киіз басу технологиясымен танысып, қамшы өру тәсіліне де зер салады. олар асық ату, ләңгі ойнау секілді ұлттық ойын түрлерінен сайысқа түседі.
Аталмыш шара барасында бұдан да басқа тағылымдық істер ұйымдастырылады. Осылайша жас ұрпаққа ауыл өмірін наихаттауға жол ашылады. Бұдан бұрын Қызылордада «Ұлы дала елі» тарихи-танымдық экспедициясы өткізілді.
Дереккөз: Сыр бойы