РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ КЕЗЕҢІН ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ БАСПАСӨЗ ХАБАРЛАМАСЫ


«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ағымдағы жылдың 25-30 сәуірі аралығында 2020-2021 оқу жылының Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасының қорытынды кезеңі өткізілетінін хабарлайды.
Жыл сайын Республикалық олимпиада жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 16 жалпы білім беретін пәндер бойынша 9-11 сынып оқушылары арасында 4 кезеңде өткізіледі. Биылғы оқу жылында Республикалық олимпиаданың мектепішілік кезеңіне 1 миллионға жуық бала қатысты, оның ішінен аудандық кезеңге 100 мыңға жуық оқушы өтті. Облыстық кезеңде 12 мыңнан астам оқушы қатысса, қорытынды кезеңде Қазақстанның барлық өңірлерінен 1500-ден астам қатысушы бақ сынайтын болады.
Елдегі пандемия жағдайын ескере отырып, Республикалық олимпиада «Ustudy» орталықтарының негізінде барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, өңірлерде және республикалық маңызы бар қалаларда өткізілетін болады. Олимпиада «бір қатысушы – бір компьютер – бір камера» қағидасына сүйене отырып, прокторинг жүйесін қолдану арқылы өткізіледі. Қатысушыларды отырғызу кезінде пәндерді мен сыныптарды «араластыру» әдісі қолданылады.
Олимпиаданың тапсырмалары «Дарын» РҒПО интернет ресурсы арқылы әр кезеңнің басында бір уақытта ұсынылады және сол тапсырмаларға әрбір қатысушыға жеке қол жеткізу коды беріледі. Олимпиада аяқталғаннан кейін қатысушылардың сканерленген жұмыстары шифрланып, қазылар алқасының мүшелеріне тексеруге жіберіледі. Әрбір кезең аяқталғаннан кейін қатысушылар жұмыстарының сканерленген көшірмелері «Дарын» РҒПО интернет-ресурсында олардың жеке деректерінсіз орналастырылады. Тапсырмалар бойынша дұрыс жауаптар және олимпиаданың нәтижелері көрсетілген хаттамалар да «Дарын» РҒПО сайтында жарияланатын болады.
Олимпиадада барысында академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін барлық өңірлерге «Дарын» республикалық орталығының жауапты қызметкерлері жіберіледі. Олимпиада онлайн режимінде көрсетіледі, бейнебақылаудың сілтемелері «Дарын» РҒПО сайтында қолжетімді болады.
Республикалық олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі 25 сәуірде онлайн режимде өтеді. 26-27 сәуірде олимпиаданың I және II кезеңдері өтеді. Қазылар алқасының мүшелері қатысушылардың жұмыстарын 26-28 сәуірде тексереді. Апелляция 29 сәуірге жоспарланған. Олимпиаданың жабылу салтанаты 30 сәуірде онлайн режимде өтеді.
Республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша жеңімпаздар еліміздің намысын халықаралық олимпиадаларда қорғайтын болады.
Республикалық олимпиаданың барлық қатысушыларына сәттілік тілейміз!