2021 жылдың 5 мамыр күні Елбасының «Ел Yмiтi» бастамасын жүзеге асыру аясында “Mың бала” Ұлттық зияткерлік олимпиадасының екінші кезеңі Қазақстанның түкпір түкпірінде бір мезетте бастау алатын болады.
Олимпиаданың басты мақсаты- ауылдық жерлердегі мектеп оқушыларының таланттары мен қабілеттерін дамыту және қолдау үшін жағдайлар жасау болса, негізгі міндеттері- ауылдық жерлердегі дарынды балаларды анықтау үшін іс-шараларды әзірлеу, ұсыну және іске асырумен қоса, анықталған дарынды оқушылардың әлеуетін одан әрі дамытуға байланысты жүйелі түрде қолдау көрсету болып табылады.
«Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасының басты ерекшелігі- бұл тек ауыл оқушыларына арналғандығында болып отыр. Қызылорда облысы бойынша 222 ауыл мектебінің 18933 оқушысынан 9027 оқушы тіркеліп, бірінші сараптау кезеңінен жұлдызы жарқырап, бағы жанып, бәйгеден оза келген ауыл мектептерінің 5-6 сыныбынан 340 оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне жолдама алды.
Олимпиаданың екінші кезеңі 4 нүктеде өткізіледі деп жоспарлануда. Толығырақ тоқтала кетер болсақ,
Арал және Қазалы аудандарынан- 155 оқушы Қазалы ауданында орналасқан №249 мектеп-лицейінде;
Қармақшы ауданынан- 27 оқушы №250 мектеп-лицейінде;
Жаңақорған және Шиелі аудандарынан- 55 оқушы №110 мектеп-лицейінде;
Жалағаш, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласына қарасты ауыл мектептерінен қатысушы- 103 оқушы Ustudy тестілеу орталығында өз бақтарын сынап көретін болады.
Олимпиадада ең жоғары нәтиже көрсеткен жеңімпаздарымыз дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде білім алуға және Birge oky онлайн платформасында білімдерін жетілдіруге жолдама алатын болады.