Жалпы білім беретін мектептердің білім алушыларының арасында Республикалық Абай оқуларын облыстық кезеңін өткізу Ережесі

І.Жалпы ереже

  1. Осы Ереже «Білім беру туралы» Қазақстан Республикасының заңына, Қазақстан Республикасының 2020-2025 жылдарға арналған білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес және жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасындағы республикалық Абай оқуларының (бұдан әрі – Абай оқулары) мақсаты мен міндеттерін, ұйымдастырушылық-әдістемелік қызметінің қамсыздандырылуын, өткізу мен қаржыландыру тәртібін, қатысуын және жеңімпаздары мен жүлдегерлерін анықтау тәртібін белгілейді.
  2. Абай оқуларының ұйымдастырушысы Қызылорда облыстық білім басқармасының «Дарын» қосымша білім беру орталығы болып табылады.
  3. Абай оқуларының негізгі мақсаты қазақ халқының әдеби мұраларын дәріптеу, мектеп оқушыларының классикалық әдебиеттерді оқуға деген қызығушылықтарын арттыру.  
  4. Абай оқуларының негізгі міндеттері Абай және Шәкәрім шығармаларындағы эстетикалық талғам мен тұлғалық қасиетті насихаттау, ұлылар поэзиясына, ұлттың рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу.

ІІ.Абай оқуларының қатысушылары

  1. Абай оқуларының қатысушылары білім беру ұйымдарының барлық типтері мен түрлерінің 8-11 сынып оқушылары болып табылады. Облыстық қорытынды кезеңіне қалалық (аудандық) кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатыса алады. Әр командада 6 оқушы (әр номинацияға – 1 оқушы) және 1 жетекші болуы тиіс. Абай оқулары– қазақ тілінде жүргізіледі.
  2. Қатысушылардың жетекшілері Абай оқуларын өткізу уақытында, келген сәттен бастап өтетін орынға дейін, оны өткізу мерзімі және кейін тұрғылықты орнына жеткізілгенге дейін қатысушылар үшін толық жауапты. Жетекшілер білім ұйымдарының шешімімен тағайындалады.

ІІІ. Абай оқуларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі

І. Абай оқулары 6 номинация бойынша өткізіледі:

  1. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы – Абай өлеңдерін жатқа оқу конкурсы. Қазылар алқасы бұл номинацияда оқушы жатқа білетін Абай шығармаларының санына байланысты бағалайды.
  2. «Абайдың қара сөздері» номинациясы бойынша Абай қарасөздерін жатқа, мәнерлеп оқу. Бұл номинация бойынша Абай қарасөздерін толық білуі бойынша бағаланады.
  3. «Абайдың ақын шәкірттерінің шығармалары» номинациясы бойынша Шәкерім Құдайбердіұлы, Ақылбай Абайұлы, Мағауия Абайұлы шығармаларын жатқа оқу. Бұл номинация бойынша шығарма мәтіндерін жатқа, мәнерлеп айтуы, толық білуі бойынша бағаланады.
  4. «Көңілім әнді ұғады» номинациясы – оқушының Абай және Шәкәрім әндері мен күйлерін орындау шеберлігі бағаланады.
  5. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясы –оқушылардың өз шығармалары (поэзиялық) бағаланады.
  6. «Ұлылар әлемі» Абай мен Шәкәрімнің шығармашылығына, рухани болмысына қатысты тақырыпқа (ұсынылған тақырыптардан таңдау) эссе жазу.

Қатысушының теориялық білімін, шығармашылық қабілетін тексеру мақсатында эссе жұмысы бойынша арнайы 3 тақырып ұсынылады. Оқушы бір тақырыпты таңдап 1 сағат 30 минут көлемінде эссе жазып тапсырады.

ІІ. Абай оқулары 3 кезеңде өткізіледі:

1 кезең – аудандық (қалалық), облыстық білім басқармаларымен өткізіледі;

2 кезең – республикалық, қорытынды. Абай оқуларының қорытынды кезеңіне әр номинация бойынша 1 қатысушыдан құралған команда қатыса алады, яғни бір командада 6 оқушы болуы тиіс.

Абай оқуларын өткізу барысын қадағалау және ұйымдастыру жұмысының  дайындығын іске асыру үшін ұйымдастыру комитеті  құрылады.
Ұйымдастыру комитеті Абай оқуларының қорытынды кезеңінің өткізілу орнын белгілеп, дайындық жұмыстарын жүргізуде тікелей басшылық етеді, қазылар алқасының құрамын, қатысушылардың тізімін, конкурстың өткізу бағдарламасын бекітіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттайды.
Қазылар алқасының құрамына жоғарғы оқу орнының ғалымдары, білім беру ұйымдарының білікті мұғалімдері,  жазушы, журналистер кіреді.
Қазылар алқасы қатысушылардың білімі мен өнерін бағалайды, ұйымдастыру және өткізу барысындағы мәселелерді талқылайды, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтайды.

Абай оқуларын өткізу туралы ақпараттық хат және өткізілу Ережесі
syr-daryny.kz сайтында орналастырылады.

IV. Қорытындылау және марапаттау

  1. Абай оқуларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері әрбір номинация бойынша қатысушылардың жалпы санының 45% пайызын құрайды.
  2. Қызылорда облыстық білім басқармасының I, II, III дәрежелі дипломдарымен, алғыс  хаттарымен марапатталады. І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдардың саны келесі пропорция бойынша анықталады: жеңімпаздардың 50%-ы ІІІ дәрежелі дипломдармен, 30%-ы II дәрежелі дипломдармен, 20%-ы І дәрежелі дипломдармен марапатталады.