«Мың бала» – ауыл балаларын қолдауға және дамытуға, олардың қалалық құрдастарымен табысты бәсекелесуі үшін жағдай жасауға, білім алшақтығын қысқартуға бағытталған ұлттық ауқымдағы бірегей жоба. «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасы ауыл оқушылары үшін «білім алу баспалдағына» айналды.
«Мың бала» олимпиадасы екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезең 2022 жылдың 4-13 сәуір аралығында өтіп, логикалық және кеңістіктік ойлауды бағалауға арналған тапсырмаларды қамтыды. Тестілеу онлайн форматта өткізілді. Ең жоғары қорытынды балл жинаған 903 оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне жолдама алды.
Екінші кезең 2022 жылдың 27-29 сәуір аралығында өңірлік тестілеу орталықтары базасында ұйымдастырылды. Екінші кезеңде қатысушылар математикалық сауаттылық, қазақ тілі, орыс тілінде оқитын оқушыларға арналған орыс тілі, ағылшын тілі мен жаратылыстану пәндері бойынша академиялық білімге баға беретін компьютерлік тестілеуге қатысты.
Биылғы олимпиадаға қатысу үшін ауыл мектептерінің 5-6 сыныптары арасында 11255 мыңға жуық оқушы тіркеліп, І кезеңге қатысты, ал кезең нәтижесімен ең көп балл жинаған 903 оқушы жеңімпаз іріктелді. Қатарластарынан озған 209 бала олимпиада жеңімпазы атанды.
Жеңімпаздардың 158-і 5-сыныпты, ал 51-і 6-сыныптың оқушылары. ҚР БҒМ квоталарына сәйкес 6-сыныпты аяқтаған жеңімпаздар Қазастанның кез-келген дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерінде білімдерін жалғастыруға мүмкіндік алады.
Еліміздегі дарынды балаларға арналған мектептердің басым бөлігі оқушыларды 7-сыныптан бастап қабылдайтынын ескеріп, 5-сыныпты аяқтаған оқушылар Елбасы Академиясының «Birge oqu» онлайн мектебінде өз білімдерін жетілдіреді.
Елбасы Академиясында еліміздің үздік мектептерінің жетекші ұстаздары балалардың білімін шыңдауға қолдау көрсететін болады. Жобалық іс-шаралар да қарастырылған. Бір жыл ішінде қатысушылар келесі оқу жылында дарынды балаларға арналған мектептердің 7-сыныбына түсу үшін білімдерін жетілдіре алады.
Олар еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде: Республикалық физика-математика мектебінде, «Білім-Инновация» лицейлерінде, «Дарын” мамандандырылған мектептерінде оқуға мүмкіндік алады. Айта кету керек, ел бойынша қатысудың жоғары көрсеткішін көрсетіп Қызылорда облысы үштіктер қатарынан көрінді.
Жеңімпаз оқушыларымызды құттықтаймыз!